WorldSkills – халықаралық коммерциялық емес қозғалыс, оның мақсаты жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту болып табылады. WorldSkills қозғалысы, соның ішінде EuroSkills, жастарды жұмысшы мамандықтарын игеруге тартады және еліміздің жас мамандарына әлемдік аренада алған кәсіби дағдылары мен құзыреттерін көрсетуге мүмкіндік береді.
WorldSkills Kazakhstan миссиясы кәсіптік бағдарлау, кадрлар даярлау, сараптамалық қоғамдастықтарды қалыптастыру және еңбек өнімділігін арттыру тетіктерін қоса алғанда, халықаралық стандарттар негізінде өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларын техникалық мамандықтар бойынша кадрлармен қамтамасыз ету тетіктерін қалыптастыру болып табылады.
Негізгі мақсаттар:
- Жастарды кәсіби даярлаудың үздік әлемдік тәжірибелерін анықтау және оларды ҚР техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне (бұдан әрі – ТжКБ) енгізу;
- Қазақстанның ТжКБ жүйесінде инновациялық процестерді ынталандыру және оқытудың жаңа технологияларын енгізу;
- Оқу бағдарламаларын жетілдіру бойынша тұрақты әдістемелік көмек арқылы Қазақстанның сараптамалық қоғамдастығын дамыту;
- Еңбек адамының мәртебесін және техникалық кәсіптердің беделін арттыру.
Қазақстан Республикасының WorldSkills халықаралық қозғалысына кіруімен техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқушылары арасында кәсіптік шеберлік конкурсын өткізу дәстүрге айналды.
Қазақстан WorldSkills халықаралық ұйымына 2014 жылы қосылды және 50-ден астам құзырет бойынша өңірлік, өңіраралық және ұлттық кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізеді. Сонымен қатар, биылғы жылы байқауға futureskills мамандықтары мен дағдылары туралы тез өзгеретін әлемдегі болашақ мансап үшін қажетті түсініктерді қалыптастыруға көмектесетін құзыреттер кіреді.
FutureSkills – жоғары технологиялық өндіріс және цифрлық экономика жағдайында сұранысқа ие перспективалы мамандықтар бойынша жарыс аймағы.